Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының "Жетісай аудандық орталық ауруханасы" ШЖҚМКК
Ресми интернет-ресурс

НЕВРОЛОГТАР ҚОҒАМЫНЫҢ БАСҚОСУЫНДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

2025 жылдың 1 тоқсанында «Неврологиялық қызметтің жол картасын» және «Жіті инсульттерді басқарудың интеграцияланған моделін» орындау жөніндегі іс-шаралардың мониторингіне арналған невролог мамандардың кәсіби жиыны Жетісай қалалық емханасының базасында өтті.
Аталған жиынның мақсаты – республика көлемінде неврологиялық көмек көрсету сапасын арттыру, инсультпен күрес шараларын жүйелеу, сондай-ақ сала мамандары арасында тәжірибе алмасу мен бірізділікке қол жеткізу болды. Кездесуге аудан, қала көлеміндегі невролог дәрігерлер, жалпы тәжірибелік дәрігерлер қатысты.
Жиын барысында мамандар инсульттің алдын алу, ерте анықтау, жедел медициналық көмек көрсету алгоритмдері, оңалту іс-шараларын үйлестіру, сондай-ақ пациентті кешенді бақылауға алу мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, медициналық ұйымдар арасындағы тиімді үйлестіру, бастапқы буын деңгейінде көрсетілетін көмектің сапасы, инсульт орталықтарының жүктемесін азайту жолдары секілді мәселелер де кеңінен талқыланды.
Жиын қорытындысы бойынша мамандар бірқатар нақты ұсыныстар әзірлеп, неврологиялық қызметтің 2025 жылға арналған жоспарына енгізуге бағытталған бастамалар ұсынды. Инсульт секілді ауыр дертпен күрес – тек медициналық емес, әлеуметтік маңызды міндет екені де атап өтілді.
Жетісай қалалық емханасы осындай ауқымды жиындарға тұрақты түрде алаң ұсынып, сала мамандарының біліктілігін арттыруға, тәжірибе бөлісуіне жағдай жасап келеді. Бұл – тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтерудің бірден-бір кепілі.