Жетісай аудандық орталық ауруханасының ұйымдастыруымен Жетісай ауданы әкімдігі аппаратының мәжіліс залында жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу тақырыбында түсіндіру жиыны өтті.
Іс-шараға Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының ерте жүктілік бойынша штаттан тыс маманы Утегенова Замира Сериковна арнайы қатысып, ерте жүктіліктің зардаптары, оның алдын алу жолдары және қоғамдағы маңызды рөлі туралы баяндама жасады.
Жиын барысында жасөспірімдер арасында ерте жүктілікті болдырмау үшін ата-ана, мектеп, медицина және қоғам өкілдерінің бірлесе жұмыс істеу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар бұл бағыттағы алдын алу шаралары мен дұрыс ақпараттандыру жұмыстарының маңыздылығы атап өтілді.
Шараға аудандық білім беру ұйымдарының өкілдері, мектеп психологтары, Жетісай аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары, аудандық әжелер кеңесінің мүшелері, белсенді жастар мен еріктілер де қатысып, тақырып аясында өз ой-пікірлерін білдірді.
Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар тарапынан сауалдар қойылып, нақты ұсыныстар айтылды.
Аталған шараның басты мақсаты – жасөспірімдерге сапалы тәрбие мен білім беру арқылы олардың денсаулығын сақтау, өмірлік дағдыларын қалыптастыру және қоғамдағы жауапкершілігін арттыру болып табылады.
Жетісай аудандық орталық ауруханасының баспасөз қызметі