Жетісай аудандық орталық ауруханасында алғаш рет аса күрделі, жоғары деңгейдегі мамандандыруды талап ететін «Ашық репозиция және жамбас сүйектеріне металлоостеосинтез жасау» отасы сәтті жүзеге асырылды.
2025 жылғы 27 шілдеде жол-көлік оқиғасынан кейін көптеген жарақаттармен Жетісай аудандық орталық ауруханасына жеткізілген Оразов Усімхан Тұрғараевич есімді науқасқа ауыр диагноз қойылды:
- Ми шайқалуы (ЗЧМТ);
- Жабық кеуде және іш жарақаттары;
- Ішкі ағзалардың зақымдануы (бауыр, ішек);
- Жамбас сүйектерінің екі жақты сынуы;
- Қабырғалардың көпсанды сынуы;
- Ішкі қан кету;
- Жұмсақ тіндердің гематомасы;
- Травматикалық шок II–III дәрежелі.
Науқас ауыр халде жансақтау бөліміне жатқызылып, бірнеше рет өмірлік маңызы бар оталардан өтті. Соның ішіндегі ең күрделісі – жамбас сүйектерінің екі жақты сынуымен, сүйек фрагменттерінің ығысуымен орындалған ашық репозиция мен металлоостеосинтез.
Бұл жетістік – аурухана басшысы Бейбіт Орынбекович Турехановтың тікелей бастамасымен, сапалы медициналық көмекті жергілікті тұрғындарға қолжетімді ету жолындағы нақты қадамының нәтижесі. Бүгінгі таңда аурухана сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында жүйелі түрде дамып, заманауи оталар мен ем-шараларды өз деңгейінде іске асырып келеді.
Науқастың жағдайының ауырлығына байланысты оған бір апта ішінде бірнеше рет ірі көлемдегі операциялар жасалды:
- 28.07.2025 ж. – іш қуысына лапаротомия (бауыр мен ішек жарақаттарына гемостаз, дренаждау);
- 31.07.2025 ж. – жабық репозиция және ішкі фиксация;
- Ең бастысы – ашық репозиция және жамбас сүйектеріне металлоостеосинтез жасау отасы.
Бұл ота — аурухана тарихында алғаш рет орындалды. Бұған дейін мұндай күрделі травматологиялық араласулар үшін науқастар облыс орталығына немесе республикалық клиникаларға жіберілетін. Енді бұл мүмкіндік Жетісай ауданында да қолжетімді болып отыр.
Отаны жүргізген кәсіби топ:
- П.Ж. Сыдыков – травматолог
- М.Б. Бугибаев – бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, травматолог;
- Н.Б.Шойбеков анестезиолог-реаниматолог
- А.Т.Мырзабеков жалпы хирург;
Металлоостеосинтез – бұл сүйек сынған бөліктерін арнайы темір құрылғылармен біріктіру әдісі. Бұл әдіс пациенттің сүйектерін қалпына келтіруде жоғары тиімділікке ие және қозғалыс функцияларын тезірек қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Аталған ота — Жетісай аудандық орталық ауруханасының техникалық, кәсіби және ұйымдастырушылық мүмкіндіктерінің нәтижесі. Мұндай жоғары деңгейдегі ем-шаралардың аудан көлемінде жасалуы – тұрғындарға сапалы медициналық көмекті жақындатудың нақты көрінісі.
Бұл жетістік — тек бір науқастың өміріне араша түсу емес, Жетісай медицинасының жаңа даму кезеңі екенін мақтанышпен хабарлаймыз!
Жетісай аудандық орталық ауруханасының баспасөз қызметі