Қазіргі уақытта жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу тақырыбы өзекті мәселелердің қатарында. ДДҰ мәліметтері бойынша, бала өлімінің негізгі себептерінің бірі - жүктілікті үзу және ерте босану.
Ерте жүкті болған қыздар білім алу мүмкіндігін жоғалтып, қоғамнан алшақтайды және олардың денсаулықтарына қауіп төнеді.
Жиын барысында Жетісай аудандық орталық ауруханасының дәрігер-гинекологы Алиева Назипа жастықтың дәмін татпай жатып, зарын тартатын жас буын өкілдеріне керек емес жүктіліктің болашағына, денсаулығына тигізер кері әсері туралы толыққанды мәлімет берді. "Физикалық, биологиялық, әлеуметтік тұрғыда жетіліп үлгермеген нәзік жандылардың дүниеге дені сау ұрпақ әкелуі де екіталай дүние. Ал жасанды түсік болашақта бала сүю мүмкіндігін төмендетеді, яғни бедеулікке апарып соқтырады. Жасанды түсік жасататын қыздардың 30%-ы онкологиялық, гинекологиялық ауруларға шалдығып жатады. Арақ-шарапқа, темекіге әуес бақылаусыз жеткіншектер осы қадамға біртабан жақындау боп келеді. Ата-анасы шектеу қоймаған соң, бала да өз тағдырына алаңдай қоймасы анық. Сол себепті де, бөйжетіп келетін қыз баланың қылығы түзде болғанымен тәрбиесі үйден болуы тиіс"- дейді.
Қыздарды сөзге тартып, өздерін ойландырып жүрген сұрақтарын ортаға салуға мүмкіндік бере отырып, мамандар кәмелет жасына толмаған жастардың аяғын андап басудың басты алғышарттарымен таныстырды. Ерте жастағы жүктіліктің ең алдымен денсаулығына кесірін тигізсе, болашағына балта шабатыны турасында ұғынықты етіп түсіндірді.
Сонымен бірге, жұқпалы инфекциялардың түрлері, оларды жұқтырудың жолдары, салдары да тереңнен қозғалды. Қарапайым сөзбен айтқанда, бақытты да дені сау, әдемі болу үшін, тазалық гигиенасын сақтап, жыныстық қатынастан отбасын құрғанға дейін бас тартуға шақырды. Қатысушы жастар мазалаған сұрақтарына жазбаша, жасырын түрде жауап ала алды. Дәрігерге уақытында қаралғанның өзі көптеген проблемалардың алдын алуға болатындығы айтылды.
Осындай келеңсіз жағдайлар орын алмасы үшін жастармен және жасөспірімдермен контрацепция және жыныстық қатынастың салдары туралы сөйлесу керек.
Сол себепті құрметті ата-ана, сізді балаңызбен достық қарым-қатынас орнатуға, оның жеке өміріндегі өзгерістерден хабардар болуға және қажет болған жағдайда оңды кеңестер айтып, көмектесіп немесе моральдық жағынан қолдау көрсетуге шақырамыз!
Айта кету керек, аталған тақырып бойынша Жетісай аудандық орталық ауруханасының мамандары жыл сайын Жетісай аудандық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мектептерді аралап, түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Жетісай аудандық орталық ауруханасының баспасөз қызметі