Жетісай аудандық білім бөліміне қарасты М.Горкий мектебінде Жетісай аудандық орталық ауруханасы мамандарының қатысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылған форум өтті. Шараға мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтар, ата-аналар мен оқушылар белсене қатысып, өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Форум аутоагрессияның алдын алу, ерте жүктіліктің салдары мен оның алдын алу, отбасы құндылықтары, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі, сондай-ақ мектептің ішкі тәртіп ережелері аясында өтті. Сонымен қатар, Отбасы күні, Аналар күні, Әкелер күніне орай бала мен ата-ананың арасындағы эмоционалды байланысты нығайту бағытында да маңызды ойлар қозғалды.
Шараны ұйымдастырған аудандық емхананың психологтары мен әлеуметтік қызметкерлері қатысушыларға терең мазмұнды ақпарат ұсынып қана қоймай, нақты тәжірибелік әдістермен бөлісті. Жиында пікір алмасу, ситуациялық сұхбаттар, тренингтер мен ашық талқылаулар арқылы қатысушылар мазмұнды әрі пайдалы мәліметтермен танысты.
Форумның басты мақсаты — оқушылардың психоэмоционалды саулығын қамтамасыз етіп, отбасындағы қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ету, сондай-ақ ерте жастағы проблемалардың алдын алуға ата-аналардың назарын аудару болды.
Іс-шара соңында қатысушылар алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Жастардың жан-жақты дамуы мен тәрбиесінде ата-ана мен мектеп арасындағы ынтымақтастықтың маңызы зор екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
ЖАС ҰРПАҚТЫҢ АМАНДЫҒЫ- ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК!